Елімізде зираттар да цифрландырылады

Марқұмдардың жерленген жерін білу үшін арнайы мобильді қосымша іске қосылмақ.  

Елімізде зираттар да цифрландырылады Фото: mashab.kz

Цифрландыру мүмкіндігі әр салада кеңінен қолданылып жатқаны мәлім. Енді мұндай жаңашылдықтар өмірден өткен адамды жерлеу, біраз уақыт бұрын қайтыс болған адамның жатқан жерін анықтау бағытында да қолданылмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты "Қамқор-Шарапат" салттық қызмет көрсету орталығы "Зираттарды цифрландыру" жобасын қолға алып отыр. Соған сәйкес, алдымен республикалық маңызы бар үш қала мен облыс орталықтары, кейін ауыл-аймақ маңындағы зираттардың барлығы цифрландырылмақ. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыс Астана және Шымкент қалаларында толығымен аяқталды. Ендігі ретте мамандар Павлодар қаласының жанындағы қабірстандарды электронды жүйеге енгізуге кірісті. Бұл бағыттағы жұмыты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал келесі жылы облысқа қарасты аудан-ауылдардағы жерлеу орындарын цифрландыру қолға алынады. 

"Қамқор-шарапат" орталығының басшысы Мейрамбек Қабылбекұлының айтуынша, жауапты қызметкерлер марқұмдардың аты-жөні жазылған белгітастарды, тақтай ағаштарды суретке түсіріп, арнайы қосымшаға жолдайды. Бұл мәліметтердің барлығы арнайы ортақ базаға түседі. Бұрындары жерленген, бейіт басында белгісі жоқ адамдарға қатысты мәліметтер шырақшылар, марқұмдардың туыстары мен ұрпақтарынан жиналады. Содан кейін олардың басына арнайы белгітас қояды. 

"Басты мақсат – тың технологиялардың көмегімен өмірден өткен адамдарға қатысты мәліметтерді жинау. Осы бағытта "Уақып" қоғамдық қорының, ІТ саласы мамандарының көмегімен цифрландыру жобасын дайындадық. Жыл соңына қарай бұл платформа іске қосылған кезде адамдар қандай да бір марқұмның қайда жерде жерленгенін, оған қатысты өзге де қысқаша мәліметті кез келген уақытта, әлемнің кез келген жерінен қарай алады. 

Сонымен қатар, "Жерлеу" мобильді қосымшасында дүниеден өткен адамды жерлеуге қатысты қызметтер көрсетілетін болады. Сол тұста марқұмның туыс-туғандары қай қорымда қандай орын барын біліп, таңдай алады. Әр өңірдің ерекшелігіне байланысты жерді қазу және жерлеу қызметтерінің тарифі де көрсетіледі. Бұл бір жағынан ысырапшылықтың алдын алуға бағытталса, екіншіден діни рәсімдерді тәртіп аясында жүргізуді реттейді. 

Павлодар облысы бойынша өкіл имам Жолдас қажы Қоспақұлының сөзінше, облыс орталығы мен Ақсу қаласына қарасты 19 зират электронды картаның тізіміне кіреді. Мұндағы ең алғаш ашылған және ең үлкен Мойылды ауылының қасындағы зират электронды жүйеге ауысады. Мұнда 1960 жылдан бері адамдар жерленіп келеді.

Қазіргі уақытта зираттың көлемі 63 гектарды құрайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу