Көмір бағасының көтерілуіне ірі өндірушілердің тікелей қатысы болуы мүмкін. Ұлттық экономика вице-министрі еліміздегі көмір өндіретін кәсіпорындардың 107-сінің қызметі тексерілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
"Былтырғы бағамен салыстырып, бағаның биылғы қымбаттауы қаншалықты орынды екені анықталады", - деді Руслан Дәленов.
Астана, Алматы қалаларында сондай-ақ Алматы, Ақмола, Ақтөбе, және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан кәсіпорындардың бәрі енді бағаны себепсіз қымбаттату дерегіне қатысты тексерілмек. Бұл жұмыстың қорытындысы 3 айдан кейін белгілі болады.
Айта кетсек, Қазақстанда қыркүйек айында көмір бағасы қымбаттап кетті. Өндірушілер мұны ауа райының күрт суытуымен түсіндірген болатын.