Елімізде алғашқы айтыскер ақындар орталығы ашылды

500

Жамбыл облысының орталығы Таразда облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Елімізде алғашқы айтыскер ақындар орталығы ашылды Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, ақын, ҚР Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, Жамбыл облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай мен оның орынбасарлары және бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.

"Айта кететін жағдай, бұл - бүгінгі таңда Қазақстандағы өзге өңірлерге өнеге болатын алғашқы орталық. Өйткені еліміздің өзге өңірлерінде айтыс ақындары мен жыршы-термешілерге меншіктеп, айдарлап берген мұндай орталық жоқ. Сондықтан алдағы уақытта басқа өңірлерге Жамбыл облысының игі бастамасын алға тартып, әрі қарай өзге өңірлерде де жалғасын табуына үлес қосуға тырысамыз. Ал киелі Жамбыл өңірінде ашылып жатқан бұл орталықтың болашақта атқарар жұмысы қыруар екендігіне және нәтижелі болатындығына сеніміміз мол", - деді Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай.

Сонымен бірге ақын, жыршы, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Құсанбаев, айтыскер ҚР Мәдениет саласының үздігі Бауыржан Халиолла жамбылдық айтыскерлердің сөз барымтасында көш бастап тұрғандығы туралы оң пікірлерін ортаға салды.

Ел игілігіне берілген бұл орталықтың бірінші қабатында жыршы-термешілер бөлмесі мен жас айтыскерлер клубы орналасқан. Ал екінші қабатта қызметкерлер бөлмесі мен мәжіліс залы бар. Алдағы уақытта мұнда аудио жазба студиясын ашу жоспарлануда.

Мемлекеттік мекеме өңіріміздегі айтыс өнерін, ақын-жазушылардың еңбектерін зерттеп, рухани өнерді дамыту мақсатында құрылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу