Еліміздегі алғашқы сервистік полиция пункті Павлодарда ашылды

Бұл – жаңа модельдің пилоттық жобасы.  

Еліміздегі алғашқы сервистік полиция пункті Павлодарда ашылды Фото: Валерий Бугаев

Жаңа үлгідегі учаскелік полиция пункті облыс орталығындағы Усолка шағын ауданында жұмыс істейді. Мұнда 57 мыңнан астам тұрғын бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Әзірге мұндай пункт тек Павлодар облысында іске кірісті. Жергілікті полиция департаментінің бастығы Василий Склярдің сөзінше, мұндағы учаскелік инспекторлардың жұмысы өзгелерден ерекшеленеді. Айталық, тұрғындарды қабылдап, олардың өтініштерін шұғыл және шұғыл емес деп бөлетін арнайы қабылдау орны қызмет көрсетеді. Соған сәйкес, шаралар да қабылданады. 

"Бұл жерде мамандар өтініштерді сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркей алады. Пункте барлық база қосылған. Сондықтан ақпарат алмасу әлдеқайда жылдам өтеді", - дейді Василий Скляр. 

Тағы бір учаскелік инспектор үнемі полиция пунктінде болып, ұялы телефон, қалалық нөмір, "102" арнасы бойынша түскен барлық хабарлама мен өтінішті қабылдап, оны қарастыруға жолдайды. 

Жалпы, жаңадан құрылған учаскелік пунктте барлығы 16 полиция қызметкері еңбек етеді. Олардың қатарында кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі учаскелік инспектор, аймақтық жедел уәкіл, жаяу жүретін екі патрульдік полиция қызметкері бар.

Қызметкерлер мен келушілердің қолайлығы үшін заманауи жабдықтар қойылып, азаматтарды қабылдау және қоғаммен байланыс бөлмесі, мәжіліс залы,  демалыс және тамақтану бөлмесі қарастырылған. Жаңашылдықтардың бірі – ана мен бала бөлмесінің ашылуы. 

Атап өтерлігі, кабинеттердің барлығы бейнебақылау камерасымен қамтылған. 
Соңғы талаптарға сай іске кіріскен мекеменің жұмыс барысымен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов танысты. Ол полицияның осындай сервистік пункттері Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы аясында құрылатынын атап өтті. 

"Учаскелік полиция өкілдері жаңа үлгідегі жұмысы аясында жергілікті атқарушы органдармен, азаматтық қоғаммен мықты әріптестік орната білсе, қылмыстық құбылыстардың салдарымен емес, себептерімен күресуге оң ықпал етері анық. Жұрт пен полицияның арасын жақындадатын мұндай учаскенің жұмысынан көшедегі қылмыстық, ұрлық-қарлықтың, басқа да құқық бұзушылық әрекеттердің азаюын күтеміз", - деді министр.  

Бұл ретте Марат Ахметжанов жобаны қаржыландырған облыс басшылығына алғыс білдірді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу