Оның сөзінше, жайсыз отбасылар санында өсім де жоқ, азаю процесі де байқалмайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БАҚ өкілдері спикерден жайсыз отбасы мәртебесін анықтаудың қандай критерийлері бар екенін нақтылауды сұрады.
– Мұндай жағдайларды айқындау үшін заңнамада бірқатар критерий белгіленген. Атап айтқанда, алкогольдік ішімдіктерді теріс пайдалану, баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау, сондай-ақ баланың тұрып жатқан жерінде оның оқуына және дамуына қажетті жағдайдың жасалмауы ата-аналарды ішкі істер органдарының есебіне қоюға негіз болады, – деді басқарма бастығы.
Сонымен қатар, Әсет Оспанов кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар жергілікті атқарушы органдар жанында құрылатынын жеткізді. Олардың құрамына әлеуметтік қорғау, оқу-ағарту, денсаулық сақтау органдарының өкілдері, полиция және прокуратура қызметкерлері енеді. Комиссияларға отбасылардың жағдайын кешенді түрде қарау жүктелген.
– Бүгінгі уақытта ішкі істер органдарының есебінде ата-аналық міндеттерін орындамайтын 11 мыңнан аса ата-ана тұр. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен бір деңгейде, айтарлықтай өсу немесе төмендеу байқалмайды, – деп сөзін қорытындылады ол.