Еліміздегі білім беру жүйесіне тағы да өзгеріс енді. Бұдан былай, 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып оқушылары жаңа бағдарлама бойынша тәлім алмақ. Ал алдыңғы жылдары шыққан оқулықтар енді жарамсыз. Қазір ұстаздарға тың жүйе таныстырылып жатыр. Осы күнге дейін 83 мың педагог жаңартылған бағдарламаны меңгерген екен. Тың жобада теориялық білімнен гөрі, тәжірибеге басымдық берілген. Жаңа оқулықтар білімгерлерге тегін таратылады. Ал ұстаздарға олардың электрондық нұсқасы беріледі, деп хабарлайды almaty.tv.
"Жаңа оқулықтар барлық оқушыларға тегін. Былтырғы оқулықтармен оқи алмайды. Оқушы өзі жұмысқа кірісіп, өзі зерттеп, практикалық жұмыс жасайды. Өсімдіктермен, сызғышпен жұмыс жасап, араластырып, өзі ойлап, өзі болжам жасап, сол болжамды дәлелдегенде ғана сол білім оқушының білім болып саналады. Тек мұғалім айтып тұрса оқушы тыңдай ма? Тыңдамай ма?", - деді "Назарбаев зияткерлік мектептері" білім бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдина.
Сондай-ақ химия пәні биыл 7-ші сыныптан бастап оқытылады. Бұрын бұл саланы оқушылар 8-ші сыныптап бастап меңгеретін. Ал информатика сабағы келесі жылы 3-ші сыныптың оқушыларына оқытыла бастайды. Білім беруді жаңа бағдарламаға толықтай көшіру 2020 жылы аяқталмақ. Естеріңізде болса, былтыр 1-ші сыныпқа барған бүлдіршіндер жаңа әдіспен оқи бастаған. Ол кезде бұрыннан келе жатқан "Әліппе" оқулық тізімінен алынып, көптің қарсылығын тудырған еді.
"Бұрын көбінесе фундаментальді бағытта жүргенбіз. Бала формуламен жұмыс істей біледі. Бірақ сол формулаларды өмірде қолдана білмейді. Қазіргі біздің бағдарламаларымыз есептерді, сол формулаларды шынайы өмірде қолдану. Мысалы, пирамиданың ауданын формула бойынша бәрі таба алады. Ал егер үй саларда қанша материал кетеді, оның ауданы қанша десең көбі қиналады. Ал мына бағдарламаның көмегімен логикалық және абстракті ойлайды", - деді Назарбаев зияткерлік мектебі математика пәні оқытушылары әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Саидхожа Қалқалов.