Қазақстандағы корейлік микроқаржы ұйымы банкке айналады

273

Қазақстан мен Корея банктік қадағалау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды 

Қазақстандағы корейлік микроқаржы ұйымы банкке айналады Фото: freepik

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев корейлік BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымын екінші деңгейдегі банкке айналдыру туралы шешімді қолдайтынын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

“Қазақстанда корей капиталы бар 700-ден астам компания қызмет етеді. Мысалы, Samsung, Hyundai, Kia, Lotte сияқты алпауыт корпорацияларды атап өтуге болады. Олар елімізде табысты жұмыс жүргізіп жатыр. Біз президент Юн Сок Ёль мырзамен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Әсіресе, инфрақұрылым, өндіріс, қаржы, энергетика, экология, автомобиль мен аэроғарыш өнеркәсібі, IT, цифрландыру және басқа да салаларға басмыдық беріп отырмыз. Қазір Doosan ENTERBILITY компаниясы Түркістан бу-газ қондырғысы арқылы жұмыс істейтін электростанциясын салып жатыр. Сонымен қатар Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуға ниет білдірді. Біз мұндай бастаманы барынша қолдаймыз”, - деді Президент БАҚ өкілдері үшін бірлескен мәлімдемеде. 

Сондай-ақ корейлік компания Астанада биофармацевтика зауытын салуды жоспарлап отыр. 

“Келіссөз барысында сирек кездесетін металдарды бірлесіп зерттеу және өндіру мәселесін де қарастырдық. Біз Қазақстан нарығына кіргісі келетін корей компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Оны жүзеге асырудың нақты жолдары бар. Үкіметаралық комиссия, іскерлік кеңес пен бизнес қауымдастығы арасындағы жұмыс тобы құрылды. Бұл құрылымдар екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтуға зор септігін тигізеді деп сенеміз”, - деді Тоқаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгін банктік қадағалау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 

“Жаңа құжат арқылы инвестициялар қауіпсіздігін бақылаудың тәртібі реттелмек. Елімізде корейлік BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы бар. Мен оны екінші деңгейдегі банкке айналдыру туралы шешімді қолдаймын”, - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу