Премьер-министр Олжас Бектенов Екібастұз қаласында отандық энергетика саласына қатысты республикалық жиын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Айта кетейік, елдегі электр энергиясының 40%-дан астамы дәл осы қалада өндіріледі. Бұл көрсеткішті көбейтіп, қуаттылықты одан әрі арттыру үшін өткен жылдың желтоқсан айында ГРЭС-1 станциясында қуаты 540 МВт болатын №1 энергоблок қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. 2026-2028 жылдары отынмен қамтамасыз ету жүйелерін қайта қалпына келтіру және жаңа түтін мұржасын салу жоспарланып отыр.
Жалпы, қазіргі уақытта ел көлемінде 227 электр станциясы энергия өндіреді. Алайда мұндағы жабдықтардың орташа тозу деңгейі 56%-ды құрап отыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың айтуныша, соған қарамастан былтыр электр энергиясын өндіру көлемі 4%-ға өсті. Оған қоса, генерациялайтын қондырғыларды жаңғыртуға, кеңейтуге, реконструкциялауға және жаңарту бойынша жалпы қуаты шамамен 2 ГВт болатын 14 инвестициялық келісім жасалды. Биыл 621 МВт, 2026 жылы – 2,6 ГВт іске қосу жоспарланған.
Жалпы, 2035 жылға дейін жалпы қуаты 4,2 ГВт қолданыстағы станцияларды жаңғырту, қалпына келтіру және кеңейту жоспарланып отыр.
"Президент энергетиканы өзін-өзі қамтамасыз ететін әрі бәсекеге қабілетті ел құрудың негізгі бағыттарының бірі ретінде атады. Бұл табысты цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу – оған тікелей тәуелді болатын жаңа әлемдегі тұрақты ілгерілеудің негізгі факторы. Бұл жерде Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанда орасан зор мүмкіндіктер бар. Сонымен қатар, жоспарланған жобалардың уақытылы орындалмауы экономиканың дамуын тежейді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Біз белсенді түрде жұмыс істеуіміз керек. Бірқатар ірі жоба қазірдің өзінде электр қуатын қажет етіп отыр", — деп түйіндеді Олжас Бектенов.