Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында ол елдегі бірқатар қымбатшылықты сөз етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Депутаттың сөзінше, азық-түлікті айтпағанда, коммуналдық қызметтердің өзі 25 пайызға өскен.
– Үкіметтің жасап жатқан шараларына қарамастан, халқымыздың әл-ауқаты артпай тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, жан басына шаққандағы кіріс 112 мың теңге болып отыр. Оның 98 мың теңгесі тек ғана азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметті төлеуге кетеді. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, күріштің бағасы – 31,3, жұмыртқа – 16,9, сарымай мен сүт өнімдерінің бағасы 12 пайызға өскен. Картоп пен ірімшік өнімдерінің бағасы бір жылдың ішінде 35 пайызға артқан. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа келсек, коммуналдық қызметтер орташа алғанда 25 пайызға қымбаттаған, – деді Мәжіліс депутаты.
Ерлан Саиров сөз арасында елдегі ең төменгі жалақының 85 мың теңгеден әрі көтерілмегенін еске салып, мұны 1,8 миллион адамның тұрмыс деңгейіне қатысты шешім екенін айтқан. Сонымен қатар, "ең төменгі жалақыны көтеру – Үкіметтің басты міндеті" деп қоса кетті ол.
Депутат тақырыпқа сай бірнеше ұсынысын да ашық жолдаған.
– Жұмыссыздықтан сақтандыру сомасын арттыру арқылы ең төмен жалақы алатын адамдардың сақтандыру жүйесін жетілдіру керек. Әкімдер өңірлік ауыл шаруашылық өнімдерін жергілікті нарыққа қажетті мөлшерде жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет. Ауыл шаруашылық өнімдеріне берілетін мемлекеттік төлемдерді уақытылы әрі қажетті сомада толық төленуін қамтамасыз ету маңызды, – деді Е.Саиров.
Бұған дейін депутат Нартай Сәрсенғалиевтің мектептегі жұмысшылардың жалақысын көтеруді ұсынғанын жариялаған болатынбыз.