Еліміздегі ең үлкен жылыжай 1 млн доллар шығынға ұшырауы мүмкін

321

Екібастұздағы "Greenhouse Qaztomat" жылыжайынан өсімдік карантині мамандары Tobamovirus – қоңыр қатпарлы вирусын анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Еліміздегі ең үлкен жылыжай 1 млн доллар шығынға ұшырауы мүмкін Фото: canva.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Шүйкенов қызанақтың құрамынан қоңыр қатпарлы вирус штамдары табылғанын растады.

"Ол бойынша өткен жылдың желтоқсан айында жылыжай басшылығына алғашқы ұйғарымды жіберген едік. Кейін біздің мамандарымыз кәсіпорынның өсімдіктерінен тағы да сынама алған. Оның барлығын Астанадағы республикалық өсімдіктер карантині орталығына жөнелткенбіз. Қазір нәтижесін күтіп отырмыз. Егер зертхана вирустың таралғанын растаса, жылыжайдың әлгі гибридті қызанақтар егілген жерін толық құртуға тура келеді", – дейді инспектор.

Кәсіпорын басшылығы Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының ұйғарымымен келіскісі жоқ.

"Жылыжайда өсірілген қызанақтың жаңа сорты жуықта Нидерландыдан жеткізілген. Гибридті сорттың тұқымына тобама вирусқа қарсы вакцина егілген, сондықтан оның құрамында қоңыр қатпарлы вирустың штамдары болуы мүмкін", – дейді "Greenhouse Qaztomat" ЖШС-нің директоры Аңсат Жанатаев.

Шаруашылықтың иелігінде 30 гектар жылыжай кешені бар. Соның 20 гектарына жаңа гибрид егілген.

Егер жергілікті инспекцияның ұйғарымы орындалатын болса, жылыжайдың үштен екісі карантинге жабылып, кәсіпорын адам айтқысыз шығынға ұшырайды. Тек жаңа сортты сатып алуға серіктестік 100 млн теңге жұмсаған. Ал сатып алынған технология мен барлық шығындар есептелсе, еңбек ұйымы жалпы сомасы 1 млн АҚШ доллары көлемінде шығынға батады.

Бұл жағдай түптеп келгенде кәсіпорынды банкроттық жағдайға апаруы мүмкін деп есептейді экономистер.

Жылыжайда бүгінде 500-ден астам адам еңбек ететінін еске салайық. Жылына 6-8 мың тонна өнім беретін шаруашылықтың қызанақтары еліміз бойынша Small және Magnum сияқты ірі сауда желілерінде тұрақты сатылады. Ал бұл сауда желілеріне бүгінде ресейлік ірі жылыжай кешендері көз салып отырғаны мәлім.

Жалпы екібастұздық жылыжайдағы көкөністер жасанды жарықтандыру арқылы голланд технологиясы бойынша қорғалған топырақта өседі. Ал тұқым толықтай Нидерландыдан, өсімдіктерді тозаңдандыруға арналған аралар Англиядан жеткізіліп отыр. 

Тыңайтқыштар да шеттен сатып алынады. Тек өсіп шыққан өнім ғана отандық саналады. Бұл да жылыжай шаруашылығы үшін үлкен мәселе. 2015 жылы Иордания мемлекетінде алғаш тіркелген Tobamovirus (ToBRF) – қызанақ жемістерінің қоңыр қатпарлы вирусы бүгінде әлемдегі жылыжай саласы үшін өте қауіпті болып тұрғаны анық. Вирус Израильде, Мексика мен Қытайда, кейіннен АҚШ пен Еуропа елдеріне тарап кетті. Қызанақ пен бұршақ егетіндер үшін өте қауіпті. Жоғары патогенді әрі ұзақ уақыт бойы тұқымдарда, өсімдіктерде өміршең болып қала береді. Жылыжай алқаптарына түссе, бір аптаның ішінде өсімдіктерді тып-типыл етіп құртады.

ToBRF жаңа вирус түрі болғандықтан карантин мен өсімдік қорғау жөніндегі Еуропалық және Жерорта теңізіндегі ұйымының арнайы тізіміне алынған. Соған орай Еуропа мен ТМД мемлекеттері одан сақтанудың, ел аумақтарында таралып кетуінің алдын алу іс-шараларын тұрақты жүргізіп келеді. Өкінішке қарай бұл вирустың емі жоқ. Әлемдегі қызанақ өсірушілер вируске қарсы күш біріктіріп, небір препараттарды қолданып көрген. Нәтиже болмады.

Өсіп тұрған өсімдікке түссе, жапырағы өз бетімен сарғайып, кейін толық қурап өледі. Ғалымдар тіпті оның қоздырғышы 100 градус температурада ғана жойылатынын анықтаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу