Биыл бесінші рет ұйымдастырылған шарада Павлодар облысының намысын қорғаған мәдени мекемелер үздік атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Атап айтқанда, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана "Облыстың маңызы бар үздік кітапхана" аталымында топ жарды. Кітапхана басшысы Шолпан Шахметованың сөзінше, байқау барысында кітапханашылар соңғы екі жылда атқарылған жұмыс қорытындысын көрсетті.
"Соңғы жылдары біздің кітапхана оқырман қауымның сұранысына сай болып, көңілінен шығу үшін талай тың жобаны бастады. Мәселен, инновациялық бағдарламаларды қолданып, газет-журналдарды электронды форматқа ауыстырдық. Бүгінге кітапханаға келушілерге қалаған әдебиетін табу бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл. Біздің ұжым қоғамдық шараларда да үнемі белсенділік танытады. Осы істердің барлығы бағаланып, қздік кітапхана атанғанымызға қуаныштымыз", - дейді Шолпан Шахметова.
Сонымен қатар, "Шаңырақ" халық шығармашылығы орталығы еліміздегі ең үздік мәдени-демалыс кешені атанды.
"Шаңырақ" орталығы "Рухани қазына-2022" республикалық фестиваліне бірінші рет қатысып отыр. Еліміздің әр өңірінен жиналған бәсекелестіріміз мықты болды. Біздің әрқайсымызға кейінгі уақытта атқарған жұмысымызды баяндайтын видеотаныстырылымды көрсетуге 5 минут уақыт берілді. Одан соң қазылар алқасы мен көрермендердің сауалдарына жауап бердік", - дейді "Шаңырақ" орталығының директоры Жарқынбек Амантай.
Жеңімпаздарға 1 млн теңгелік сертификат табысталды. Сондай-ақ, фестивальде "Дипломмен - ауылға" арнайы бағдарламасы бойынша келген мәдениет ұйымының үздік жас маманы" аталымында Шарбақты ауданындағы музейде жұмыс істейтін Александр Бухайдзенің еңбегі жоғары бағаланып, бас жүлдені иеленді.
Айта кетейік, "Рухани қазына– 2022" фестиваліне қатысуға барлығы 285 өтініш түсті. Кітапхана саласында 125, музей ісінде 73 және мәдени-демалыс қызметте 87 орталық бақ сынады.
Құндыз Қабылденова