Еліміздегі ең ұзын көпірдің құны 2 есеге қымбаттады

415

Шығыс Қазақстан облысы Бұқтырма су қоймасында салынып жатқан көпірдің құны екі есеге қымбаттады. 

Еліміздегі ең ұзын көпірдің құны 2 есеге қымбаттады Фото: baq.kz

Оған екі түрлі  себеп бар. Мамандар соған қарамастан құрылысты уақытынан бұрын аяқтаймыз  деп, сендіріп отыр. Жалпы бұл өткелдің шығыс жұрты үшін маңызы зор. Әсіресе Күршім, Марқакөл өңірлерінің халқы облыс орталығы Өскеменге жету үшін жаз айларында жағада паром күтіп қиналады. Ал паром тоқтап, мұз қатқанша Зайсан арқылы қатынап, екі есе ұзақ жол жүруге мәжбүр. 

Қазір көпір құрылысы Бұқтырма су қоймасының оң және сол жақ жағасынан қатар жүргізіліп жатыр. Негізгі көпір құрылысы әлі толық бастала қойған жоқ. Әзірше, техникалық көпір салынуда. Ол біткен соң, негізгі көпір басталады.

"Бұл жерде жел өте қатты. Кей кездері жұмысты уақытша тоқтата тұруға мәжбүр боламыз. Басқа қиындық жоқ. Әсіресе мұз қатқан қыс айларында жұмыс істеу тиімді. Қазір технологиялық көпірдің 505 метрін оң жағалаудан, 180 метрін сол жағалаудан салып бітірдік", дейді ОблШығысЖол" ЖШС учаске бастығы Юрий Чанов.

Жалпы жобаның құны қазір 64 миллард теңгеден асты. Бастапқы кезде көпір бағасы 31 миллиард 2 млн теңге болған. Бағаның бұлай өзгеруіне бірінші көпірге апаратын жол мен техникалық көпірдің бағасы ескерілмеуі себеп болған. Яғни, сол уақытта тек көпір бағасы ғана шығарылған. 

"Екінші қымбаттауы мынау көрші мемлекеттерді білесіздер. Геосаяси жағдай. Соған байланысты және метал бұйымдарының қымбаттауына байланысты қайтадан сараптамаға кіргізіліп, сараптамадан шықты. Содан кейін жобаның құны 64,4 млн", дейді Облыстық автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Уәлиев.

Көпір құрылысы 2021 жылдың соңында басталған. Қазір мұнда 120 жұмысшы екі ауысыммен еңбек етіп жатыр. еліміз бойынша ең ұзын өткел 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. 

Бірақ жауапты мамандар құрылысты келесі жылы аяқтап қалулары мүмкін екенін жеткізді. Оған мүмкіндіктері бар екеніне сендірді. Енді тек талай жыл көпірді аңсаған жолаушылар берілген уәде орындалса екен  деп, үміттеніп отыр. Өйткені талай қиындықты еңсеріп келе жатқан Бұқтырманың арғы жағасындағы ел қырқына шыдадық, қырық біріне де шыдаймыз  дейді.

"Өте қиын. Күршімге бару үшін көктем-күз айларында Зайсан ауданы арқылы жүреміз. Өйткені паром ол уақытта жүрмейді. Мұз үстімен өте алмаймыз. Соның салдарынан екі есе шығынға ұшыраймыз. Өскеменнен баратын азық-түлік, дәрі-дәрмек Күршімге жеткенше қымбаттап кетеді. Тауар уақытылы жетпейтіні тағы бар. Шыдаймыз енді. Басқа амал жоқ", дейді Жүргізуші Сергей Гусев.

Айта кетейік, көпірдің жалпы ұзындығы 1 шақырым, 316 метр болады. Ең терең жері 40 метр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу