ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанда қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Айтуынша, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың негізгі бағыттарының бірі олардың біліктілігіне және еңбек шарттарына сәйкес келетін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуді қамтамасыз ету.
"Жалақы бойынша берешек мәселелері ерекше алаңдаушылық туғызады. 24 наурыздағы жағдай бойынша республиканың 73 кәсіпорнында 3 мыңнан астам жұмыскердің алдында 1,4 млрд теңге сомасында жалақы бойынша берешек болған. Ең көп берешек Маңғыстау облысында – 242 млн теңге, Алматы қаласында – 235 млн теңге және Абай облысында – 140 млн теңге.
Жыл басынан бері жергілікті еңбек инспекциясы органдарының көмегімен жалақы бойынша 1,3 млрд теңгеге жуық берешек төленді, осылайша 8,1 мың қызметкердің құқықтары қорғалды", – деді Төлеген Оспанқұлов.