Мемлекет мүддесі үшін қызмет еткен Қазақстанның Қарулы күштері мен құқық қорғау органдарының генералдары Жолдаудағы бастамаларды қолдап, кезектен тыс президент сайлауына Тоқаевтың кандидатурасын ұсынатындарын айтты.
Бұл туралы отставкадағы генерал-майор, "Генералдар кеңесі" РҚБ төрағасы Махмұт Төлеғұсов мәлімдеді.
Спортшылар одағы президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты үміткер ретінде ұсынып отыр. "Қазақстан спортшылар одағы" республикалық қоғамдық бірлестігі өткізген жиында Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев Мемлекет басшысының бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына жүйелі түрде қолдау көрсетіп жүргеніне ерекше тоқталды.
– Елімізді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған жаңа реформалар күтіп тұр. Ол әлеуметтік әділдік пен баршаға бірдей тең мүмкіндіктің болғанын қалайды. Бүгін біздің спортшыларымыз Қазақстанның атын халықаралық ареналарда асқақтатып жүр. Экономикамыздың мықтылығы мен қоғам бірлігінің арқасында соның ішінде, спорт саласында да үлкен жетістікке жеттік, – деді Серік Сәпиев.
Еліміз бойынша мәслихаттар депутаттарынан құралған республикалық қоғамдық бірлестік ҚР президенті сайлауына өз кандидатурасын ұсыну үшін Астанада жиналды. Жиынға қатысқандар 20 қарашада өтетін ҚР президенті сайлауына кандидат ретінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты бірауыздан ұсынды.
Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Баһадүр Нарымбетовтың айтуынша, қараша айында еліміз үшін маңызды науқан, Президент сайлауы өтеді. Қазір кандидаттарды ұсыну, тіркеу процесі жүріп жатыр. Қазақстанның алдағы 7 жыл ішінде дамуы сол сайлаудан кейін айқындалады. Біздің бірлестік ақылдаса келе, бірауыздан 20 қарашада өтетін ҚР президенті сайлауына кандидат ретінде Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынамыз. Қазір әлемдегі геосаяси ахуалды баршаңыз біліп отырсыздар. Осы орайда біз ел бірлігін сақтап, Мемлекет басшысы жүргізіп келген саясатты қолдап, жаңа Қазақстанды бірге құруымыз қажет.
Ұлттық волонтерлар да қазіргі Президентке өз қолдауларын білдірді. Ұлттық волонтерлік желісінің төрағасы Вера Ким: "2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялағанда қатты таңғалдық, қуандық" десе, Республикалық волонтерлер фронт-офисінің жоба үйлестірушісі Айбек Досымбетов: "2020 жылы елімізде волонтер деген ұғым кеңінен қолданысқа енгізілді. Азаматтық қоғамдағы белсенді мүшелер волонтер болудың қандай артықшылығы бар екенін толығырақ түсініп, біздің қатарымыз көбейді. Билік тарапынан волонтерлардың атқарған жұмыстарына қолдау көрсетілді. Сондай-ақ биыл 4 шілдеде волонтерлар заңына да өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қазір бекітілді, – деп мәлімдеді.
Айта кетерлігі қазір елімізде 200 мыңнан астам волонтерлерді қамтитын 600-ден астам волонтерлік ұйым жұмыс атқарады.
Бүгін "Қазақстанның азаматтық альянсы" бір ауыздан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел президенттігіне кандидатурасын қолдайтынын жария етті. Әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға қарамастан елімізде болып жатқан өзгерістер мен "Еститін мемлекет" тұжырымдамасы көптің көңілінен шығып отырғандықтарын айтты. Альянстың өңірлердегі көшбасшылары да Мемлекет басшысының бастамалары мен реформалары ел азаматтары үшін қажет және көптің пікірі басты орында деп санайды.
Жас буын өкілдері де алдағы саяси науқанға қатысты ұстанымдарын жеткізді. "QazaqstanTeam" республикалық қоғамдық жастар бірлестігі президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевты лайықты деп есептейді. Бірлестіктен президенттікке үміткер боларлықтай кандидат шықпағанын айтты. Қазіргі геосаяси жағдайда жасалып жатқан реформаларға қарап, президенттікке Қасым-Жомарт Кемелұлын лайық деп ойлайтындарын жеткізді.