Қызылода облысындағы Көкарал дамбасы тағы екі метрге биіктетіледі. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Сыр елі экологиялық апат аймағы екенін еске салды.
"Қызылорда облысында су үлкен маңызға ие. Өзіңіз айтқандай, экологиялық мәселелер бар. (...) 2000 жылдан бастап 2020 жылға дейін Сырдария өзені бойынша Шардара су қоймасына орта есеппен 17-18 млрд текше метр су келетін. 2020 жылдан бастап бүгінге дейін келіп жатқан су көлемі 13-14 млрд текше метрге түсті. Сарапшылар Орталық Азияда 2040 жылға дейін 12-13 млрд текше метр су тапшылығы болады деп айтып жатыр. Біз оны көріп отырмыз. Бірінші кезеңде сол суды сақтау қалу үшін Көкарал дамбасы салынды. Біз оны қайтадан жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", - деді министр.
Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, жоба құны – 4,5 млрд теңге, ол келесі жылы 100 пайыз аяқталады.
"Аманөткел гидроторабы салынады. Себебі жақын маңдағы көлшік жүйелерге суды беру үшін бұл жоба міндетті түрде қажет. Екіншіден, коллекторлық суларды Үлкен Аралға жіберу үшін жұмыстарды жүргіземіз. Үшіншіден, Көкарал дамбасын тағы да екі метрге көтереміз. Осы жұмыстардың нәтижесінде қосымша тағы да 7 млрд текше метр суды жинауға мүмкіндік береді", - деді ведомство басшысы.