Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Талғат Жанжүменов бастаған қазақстандық қорғаныс кәсіпорындарының делегациясы Үндістанның Лакнау қаласында өтіп жатқан Defense Expo-2020 көрмесіне қатысуда. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Сапар аясында Үндістан Мемлекеттік Қорғаныс министрімен, Үндістан Қарулы Күштері Бас штабы бастығымен және онға жуық ірі қорғаныс кәсіпорындарымен кездесулер өткізілді.
Тараптар әскери-теңіз саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жайын талқылады. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Үндістан Қарулы Күштерінің теңіз қару-жарағын жөндеу және қызмет көрсету жұмыстарын жүргізіп жатқан Қазақстанның С.М. Киров атындағы машина жасау зауыты қызметтерінің экспортын арттыру туралы сөз болды.
Тараптар сонымен қатар сауытты танк техникасы мен зымырандық-артиллериялық қару-жарақты жөндеу және қызмет көрсету, сондай-ақ қорғаныс құралдарын бірлесіп өндіру мүмкіндіктерін талқылады.
Келіссөздер барысында Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібіне Үндістан инвестицияларын тартуға баса назар аударылды.
Бұдан басқа, Үндістанның Мемлекеттік Қорғаныс министріне ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың 2020 жылғы 28-31 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін КАДЕКС-2020 көрмесіне қатысуы туралы шақыру хаты табыс етілді.