Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халықаралық ұйым өкілдерімен коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын талқылады, деп хабарлады ведомстваның баспасөз қызметі.
"Кездесудің мақсаты Қазақстан Республикасының COVID-19-ға дайын болу мәселелеріне қаржылық-консультативтік қолдау көрсету. Қазақстанда коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларына АҚШ үкіметі 890 мың доллар бөлуге дайын", - делінген хабарламада.
Аталған қаржы халықаралық ұйымдар арқылы бөлінеді.
"Кездесу барысында тараптар медициналық ұйымдардағы инфекциялық бақылау, зертханалық мүмкіндіктерді арттыру, хаттамаға сәйкес ем шараларын ұйымдастыру, COVID-19 жағдайында бақылау және жедел әрекет ету, ақпараттық жұмысты күшейту сынды басым бағыттарды жүзеге асыру үшін біріккен жобалық топ құруды шешті",-деп жазылған хабарламада.
Халықаралық ұйымдардың бастамасымен өткен кездесуге Орта Азиядағы CDC директоры Дэниел Сингер, Қызыл крест және қызыл жарты ай қоғамы халықаралық федерациясының Орта Азиядағы өкілдігі басшысы Баярмаа Лунтан және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы кеңсесінің өкілдері қатысты.
Құралай Құдайберген