Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайту және республикалық маңызы бар жолдардың сапасын жақсарту мақсатында қозғалысы қарқынды бірқатар тасжолды ақылы ету жобасы жүзеге асып жатыр.
I кезеңде ұзындығы 5,5 мың шақырым жолдарда бейнебақылау камераларымен, лидарлармен, байланыс антенналарымен және басқа да құралдармен жабдықталған 100-ге жуық бақылау аркасы орнатылды. Атап айтқанда, ұзындығы 1,5 мың шақырым I санаттағы учаскелер 2021 жылғы қарашадан бастап ақылы болған.
Бұл жол төсеміне күтім жасауға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және ілеспе инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Кеңес қорытындысы бойынша I кезең учаскелерінде жүк көліктерінің жүріп өткені үшін ақы алу жүйесін іске қосу бойынша жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылданды. Бұл бірінші кезекте Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік көлікке қатысты болады.
Премьер-министр жол желісін жаңғырту кезінде бейнебақылауды күшейтуге, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға баса назар аудару қажет екенін айтты.