Тұтқынға алу түріндегі бұлтарпау шарасы қолданылатын қылмыстар санаты Қазақстанда қысқартылатын болады. Қылмыстық топпен жасалған қылмыстарды есепке алмағанда, бұл өзгеріс экономикалық қылмыстарға қатысты. Ұсталған адам бастапқыда айтқан сөзінен айнып қалмас үшін сотқа жеткізу мерзімін қысқарту және қылмыстық істі тергеу шеңберінен шығатын дәлелдемелерді алып тастау ұсынылады, деп хабарлайды ortcom.kz
Бұл реформалар халықаралық стандарттарға сай жасалған. Оған қоса еліміздегі құқықтық саясатын ілгері жалғастыру болып табылады. Құқықтық саладағы өзгерістерге байланысты бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясы өтті. Оған Жоғарғы cоттың қылмыстық істер бойынша сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Ерден Әріпов, бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов және Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов қатысты.
Баспасөз конференция барысында құқық қорғау органдары, сот және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық процесті реформалаудың негізгі жолдарын талқылады.
"Елбасы бастап берген құқықтық саясатты ілгері жылжыту. Оның ішінде – қылмыстық процесті жетілдіру, адам құқығын қорғауды нығайту, қылмыстық саясатқа қарапайым көзбен қарау", - деді бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Жаңа реформа жүргізудің жолдарын нақтылау үшін ведомствоаралық жұмыс тобы Ұлыбритания, ГФР, Эстония және Грузия мемлекеттерінің құқықтық саласын зерттеген.
Сонымен қатар тұтқындалған адамды сот алдына әкелу уақыты 72 сағаттан 48 сағатқа қысқартылу ұсынылған.
Атап көрсетілген өзгерістер мен бастамалардың барлығы заң жобасына еніп, оның негізгі бағыттарын мемлекет басшысы мақұлдаған. Қазіргі уақытта заң жобасы дайындалып жатыр.