Еліміздегі министрлердің орташа жасы анықталды

1130

Елдегі министрлердің орташа жасы – 49 жас. 

Еліміздегі министрлердің орташа жасы анықталды Фото: Серікжан Қобыланбаев

Биыл 11 қаңтарда Қазақстанда Үкіметтің жаңа құрамы бекітілді. Ұлттық экономика, индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика, әділет, денсаулық сақтау, ақпарат және қоғамдық даму, мәдениет және спорт министрлері ауысты. Осыған байланысты ranking.kz елдегі министрлердің орташа жасына талдау жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгеннен кейін қазақстандық министрлердің орташа жасы 48,9 болды (бір жыл бұрын ол 48 жас еді).

ЕАЭО елдерінде министрлердің орташа жасы төмендегідей:

Ресейде – 53,6 жыл;
Беларусьте – 51,2 жыл;
Қырғызстанда – 50,7 жыл;
Арменияда – 45,7 жыл.

ЕЭК елдеріндегі министрлердің орташа жасы – 50,5 жыл.

ЕАЭО елдеріндегі ең жас министр Арменияда тұрады. Ол – Еңбек және әлеуметтік мәселелер министрі Нарек Мкртчян (32,6 жыл). 

Сондай-ақ бұл тізімге Қырғызстан министрлерін де қосуға болады: Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Азамат Жаманқұлов (34,3 жас) және Цифрлық даму министрі Талантбек Иманов (35,1 жас). 

ЕАЭО елдеріндегі жасы үлкен министрлер – РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров (71,8 жас), РФ Энергетика министрі Николай Шульгинов (70,7 жас), РФ Көлік министрі Виталий Савельев (68 жас).

Қазақстандағы жасы үлкен министр – Ерлан Тұрғымбаев (59 жас). Ол Ішкі істер министрлігін басқарады. Ол министр лауазымына 2019 жылғы 12 ақпанда тағайындалған. Оның мамандығы – заңгер-құқықтанушы және экономист. Ерлан Тұрғымбаев еңбек жолын 1984 жылы Қарағанды облысы Саран қалалық атқару комитеті Ішкі істер бөлімінің қылмыстық іздестіру бөлімшесінің жедел уәкілі болып бастаған.

Сондай-ақ жасы үлкен министрлердің қатарына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевты (57 жас) және Қорғаныс министрі Мұрат Бектановты (56 жас) жатқызуға болады.

Елдегі ең жас министр Ұлттық экономика министрлігін басқарады: Әлібек Қуантыров (38 жас). Жаңа министрдің екі мамандығы бар – "Қаржы және несие", "Лингвистика және мәдениетаралық коммуникация". 2005 жылы ол еңбек жолын Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Ішкі әкімшілік департаментінің және халықаралық қатынастар департаментінің жетекші маманы ретінде бастаған.

Ең жас министрлердің үштігіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин (38 жас) және Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов (39 жас) енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу