Еліміздегі өсімдіктер дүниесін қорғау заңмен күшейтілмек

1154

"Өсімдіктер дүниесі туралы" Қазақстан Республикасының арнайы заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Еліміздегі өсімдіктер дүниесін қорғау заңмен күшейтілмек Фото: egemen.kz

Соңғы жылдары тиімсіз пайдаланумен және тиісті құқықтық өрістің болмауымен байланысты бірқатар қолайсыз факторлар табиғи экологиялық жүйелердің тозуына және еліміздегі өсімдіктердің жоғалуына алып келді. Қолданыстағы заңнама елдегі өсімдіктер дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану мәселелерін реттеуді жеткілікті түрде қамтамасыз етпейді, сондықтан арнайы заң дайындау және қабылдау қажеттілігі туындады.

Осы орайда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2021 жылғы 20 қаңтарда Парламент Мәжілісінің жұмысына келіп түскен қажетті заң жобасын әзірледі. Осы сәттен бастап депутаттар мен жұмыс тобының мүшелері заң жобасы бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр.

Болашақта "Өсімдіктер дүниесі туралы" заңын реттеу саласы табиғи жағдайда өсетін өсімдіктер дүниесінің барлық дерлік объектілерін, сондай-ақ олардың генетикалық қорын молайту және сақтау мақсатында мәдениет жағдайында ұсталатын жабайы өсімдіктерді қамтиды.

Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаты ретінде бірнеше факторларды атауға болады, олар: 

- өсімдіктер дүниесі объектілерін олардың алуан түрлілігінде қорғау және пайдалану саласындағы қатынастарды реттеуді қамтамасыз ету;

- табиғи өсімдік ресурстарын және өсімдіктер дүниесінің генетикалық қорын сақтау, молықтыру, ұтымды және теңгерімді пайдалану мәселелерін тиімді басқару үшін жағдайлар жасау;

- өсімдік дүниесінің ресурстарына халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру;

- жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу, сондай-ақ өсімдіктер дүниесі ресурстарын пайдалану процесін ретке келтіру;

- өсімдіктер дүниесі объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту.

Аталған құжатты қабылдаудың нәтижесінде еліміз бойынша өсімдік биоалуантүрлілігін сақтау, осы табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық және өзге де жағдайлар жасалатын болады.

Бұдан басқа, осы заң жобасының жаңалықтарының бірі ретінде жасыл желектерді құру, күтіп ұстау және қорғау рәсімдерін ретке келтіру болып табылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу