Республикалық маңызы бар жолдарды қалпын келтіру үшін 300 миллион теңге жұмсалды. Бұл туралы ҚР ИДМ-де өткен брифингте "Қазавтожол" шаруашылық жүргізу құқығындағыреспубликалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Ұлан Әліпов мәлімдеді.
Су тасқыны республикалық маңызы бар деген тас жолдардың бірқатарын бұзып кетті. Көліктер көп жүретін 96-ға жуық маңызды торапқа су жайылды. Олардың 42-сін қайтадан жөндеуге тура келді. 2016 жылмен салыстырғанда су басу жағдайы 3 есеге өсіп отыр. Ал жолдардың бұзылуы 2,5 есеге ұлғайды. Қазір 41 жол торабы қалпына келтірілген.
"Сол жолдарды жөндеу үшін 300 миллион қаржы жұмсалды. Жолдардың жобасын жасағанда, су жиналатын бассейндерді салу жоспарланады. Жол салған кезде,осындай табиғи апаттардың болатынын ескере отырып, қосымша су жүретін құбырлар мен көпірлер де тұрғызылады" - деп атап өтті бас директор.