Еліміздегі ыстық суы жоқ жалғыз облыс мәселені қашан шешеді?

Қызылордалықтарды ыстық судың ақпауы көп жылдан бері қинап келе жатқаны жасырын емес. 

Еліміздегі ыстық суы жоқ жалғыз облыс мәселені қашан шешеді? Фото: azh.kz

Тұрғындар суды жылытатын арнайы құрылғы – аристонды 3-4 жыл сайын ауыстырып тұруға мәжбүр. Жалпы, аристонды пайдалану электр энергиясының жетіспеушілігін тудырады және коммуналдық төлемнің ақысына да әжептәуір әсер етеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы облыс орталығында көпқабатты 781 тұрғын үй бар екенін айтады. Бүгінде, соның алтауы ғана ыстық су жүйесіне қосылып отыр. Сонымен қатар, соңғы 20 жылдықта бой көтерген 187 тұрғын үйді ыстық сумен қамтуға болады. Өйткені, бұл көпқабатты үйлерге автономды жылу қазандығы қойылған.

Сонымен қатар, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласында өткен брифингте алдағы үш жылда ыстық су мәселесін шешетінін айтты. Сондай-ақ, ол жобаға бөлінген қаражат көлемін де сөзге тиек етті.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазан айындағы сапарында өңірдің өзекті мәселелеріне қатысты тарихи шешімдер қабылдады. Көпшілікті толғандырған "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық дәлізінің Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын төрт жолақты жолға айналдыру және Қызылорда қаласына ыстық су қосу мәселесі алдағы үш жыл ішінде шешіледі. Мемлекет басшысы Үкіметке бұл жобаларға қажет қаржыны бөлу туралы нақты тапсырма берді. Мұны жүзеге асыруға 1,1 трлн теңге қаражат жұмсалады", - деді облыс әкімі.

Жалпы, Қызылорда қаласы – еліміздегі ыстық суы жоқ жалғыз облыс орталығы. Тұрғындар жалға берілген Байқоңыр қаласында аристонсыз ыстық судың ағып тұрғанын ара-тұра әңгіме ететін. Әкімнің сөзіне сенсек, бұл мәселе алдағы үш жылдыққа шешімін табады.

Бұған дейін, экс-әкім Қырымбек Көшербаев 5 жыл бұрын "Қызылорданы ыстық сумен қамтитын жобаны әзірледік" деп сұхбат берген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу