ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов ведомствоның жылу электр стансалары мен желілерінің жай-күйіне жүргізген тексерісі туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
ҚР Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған арнайы комиссия шеңберінде жылу электр орталықтарының техникалық жай-күйі бойынша талдауды аяқтады.
Бүгінгі таңда елімізде барлығы 37 жылу электр орталығы жұмыс істеуде, оның ішінде қызыл аймаққа – 19, сары аймаққа – 11 және жасыл аймаққа – 7 ЖЭО кірді.
"ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 66%-ды құрайды, бұл ретте Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларының ЖЭО-ның тозуы 80%-дан асады. Еліміздегі ЖЭО-лар орта есеппен 61 жыл бұрын салынған, оның ішінде ЖЭО-ның шамамен 76%-ы 50 жылдан астам жұмыс істеген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр стансаларындағы апаттық ажыратулар саны 2020 жылмен салыстырғанда 5%-ға артты", – деп нақтылады министр.