Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында авиация саласын дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Соңғы екі жылда Милан, Доха, Абу-Даби, Эль-Кувейт және басқа да қалаларға 32 халықаралық авиамаршрут ашылды. Алдағы 2024-2025 жылдары Мумбай, Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк қалаларына рейстер ашылатын болады. Осы жылы Қазақстанға ұшуға 6 шетелдік авиакомпанияға рұқсат берілді", - деді ведомство басшысы.
"Ашық аспан" режиміне түзетулер енгізіліп, "әуе еркіндігінің" бесінші дәрежесін пайдалануға барлық шектеулер алынып тасталды.
"2024 жылғы 14 наурыздан бастап Азиялық ірі лоукостер "Air Asia" компаниясы Алматы – Куала-Лумпур бағытында рейстерді орындауға кіріседі және "ашық аспан" режимін қолдана отырып, Алматыдан әрі қарай Джидда қаласына рейстерді орындайтын болады", - деп қосты министр.