Елімізден Нобель сыйлығының лауреаттары қашан шығуы мүмкін

501

Елімізде ғылыми мектептерді құру мақсаты тұр, деді министр

Елімізден Нобель сыйлығының лауреаттары қашан шығуы мүмкін Фото: novostipmr.com

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде Нобель сыйлығының лауреаты шығуы үшін ғалымдарға қандай жағдай қажет екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Нобель сыйлығының лауреаты шығуы үшін тиісті ғылыми мектептерді құруға ондаған жылдар бойы инвестиция салу керек. Бұған біраз күш-жігер қажет. Нобель сыйлығының қалай берілетініне қарасаңыз, ол қандай да бір ғылыми жаңалық үшін тапсырылмайды. Аталған сыйлықты алу үшін бұл жаңалықтың салалық ғылымның, өндірістің және өнеркәсіптің дамуына елеулі үлес қосқаны дәлелденуі маңызды. Әдетте, ол ғылыми түрде дәлелденгеннен кейін біраз жыл өткеннен соң беріледі", - деді С. Нұрбек.

Министрдің айтуынша, ғылыми мектептерді құру бағытында елеулі қадамдар жасалуы керек.

"Өйткені, қазір көптеген зерттеуді жеке ғалымдар емес, зерттеу ұжымдары жүргізіп жатыр. Бұл тұрғыда бізде кемшіліктер бар. Бүгін Мәжілісте еліміздегі ғалымдар мен кадрлық жағдай туралы есеп бердім. Кейінгі 30 жылда біз елеулі кадрлық әлеуетті жоғалттық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бізде ресми тіркелген 52 мың ғалым болса, 2000 жылға қарай 12 мыңға дейін азайды. Сондықтан, 5-10 жылда ғалымдарға жүйелі түрде жағдай жасап, салаға қаражат бөлсек, нәтиже болады деп ойлаймын", - деді министр.

Еске салайық, бүгін Мәжілісте ғылымды дамыту тақырыбындағы Үкімет сағатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ақпарат берді.

Елімізде 22 456 ғылыми кадр бар. Зерттеушілердің 37 пайызы (2022 жылы – 35%) ғылыми және академиялық дәрежеге ие. Сондай-ақ, зерттеушілердің 34 пайызы – 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар, 43 пайызы – 35-54 жастағылар, 23 пайызы – 55 жастан асқан ғалымдар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу