Еліміздің 18 миллионыншы тұрғынына 3 бөлмелі пәтер берілді

1077

Еліміздің 18 миллионыншы тұрғынына 3 бөлмелі пәтер берілді

Еліміздің 18 миллионыншы азаматы кішкентай Муслима Саматқызының жанұясы қоныс тойын тойлады. Оларға облыс әкімі Амандық Баталов коммуналдық көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен үш бөлмелі пәтер кілтін табыстады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
18 миллионыншы ел тұрғынымен бірге осы күні 100-ден астам талдықорғандық жаңа пәтерге қол жеткізді. Олар енді қаланың оңтүстік-батыс ауданында бой көтерген 55 пәтерлі коммуналдық және мемлекеттік "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша салынған 64 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйде тұрады.
Жаңа қоныс иелерін қуанышты сәттерімен облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады.
Естеріңізге салар болсақ, ҚР ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметі бойынша 2017 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы тұрғындарының саны 18 миллионды еңсерді. 2017 жылдың шілде айында статистикалық деректер жарияланып, еліміздің 18 миллионыншы азаматшасы талдықорғандық Муслима Саматқызы екендігін ести салысымен облыс әкімі Амандық Баталов жанұяның тұрып жатқан жалдамалы пәтеріне барып, жеке баспанасы жоқ жас отбасыға 3 бөлмелі пәтер сыйлайтындығын айтқан еді. Бүгін әкімнің берген сол бір уәдесі орындалып, олар баспанаға ие болды.
Айта кетер болсақ, соңғы 5 жылда Талдықорғанда жалпы көлемі 170,2 мың шаршы метр болатын 29 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Бүгінде қалада мемлекет қаржысы есебінен тағы 8 және жеке инвестициялар есебінен 4 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу