"Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында ішкі істер министрлігінің бастамасымен көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Астана қаласының халықаралық әуежайында шетелдік азаматтарды ақпараттандыруға бағытталған акция өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Шара барысында "Омбы – Астана" әуе рейсімен келген туристерге QR-коды бар туристік карталар таратылды. Осындай акция Алматы, Шымкент, Түркістан, Ақтау және Өскемен қалаларының әуежайларында да жалғасын тапты.
Көліктегі полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Тоғызбаевтың айтуынша, туристік карталар арқылы шетелдік қонақтар Safetravel.kz порталы мен мобильді қосымшасына қол жеткізе алады.
Аталған ресурста полиция, жедел жәрдем, құтқару қызметтері, такси қызметтері мен байланыс операторларының байланыс нөмірлері, сондай-ақ көші-қон есебіне қою тәртібі мен жеке қауіпсіздікке қатысты ұсынымдар қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде ұсынылған.
"Мақсатымыз – қоғамдық тәртіпті сақтай отырып, азаматтар мен шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың елімізде қауіпсіз әрі жайлы жағдайда болуына жағдай жасау", – деді Ерлан Тоғызбаев.
Көші-қон қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, жыл басынан бері көліктегі полиция қызметкерлері QR-коды бар 211 мыңнан астам туристік картаны таратқан.