Қазақстанның туризм дамыған аймақтарында дәретхана жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр. Мәдениет және спорт министрлігінің елдегі туристік дестинациялар мен гранд-турлардағы инфрақұрылымның жай-күйіне жүргізген зерттеуі осыны көрсетіп отыр, деп жазады inbusiness.kz ведомство сайтына сілтеме жасап.
"493 дәретхана мен қоқыс контейнерлерін орнату, интернет пен ұялы байланыс сапасын арттыру, туристік базаларға дейін ішкі жолдарды салу қажет. Сонымен қатар мамандар вокзалдарды, жанармай құю станцияларын, тамақтану пункттерін және басқа да нысандарды тексерді", – деп жазылған хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, әкімдіктер "жұмсақ" инфрақұрылымды жақсарту, коммуникациялар жүргізу, дәретханалар салу бойынша жұмысты жандандыруы қажет.
Министрлік санитарлық-гигиеналық тораптарды таза ұстау үшін мемлекеттің ай сайын 83 мың тг субсидия беруге дайын екенін жеткізді. Жергілікті кәсіпкерлер тарапынан осыған қатысты 11 өтінім мақұлданған. Атап айтқанда, үшеуі Ақмола облысынан, екеуі ШҚО және Абай облыстарынан, төртеуі Жамбыл және Қарағанды облыстарынан, екеуі Қостанай облысынан көрінеді.
Айта кету керек, анықталған кемшіліктерді жою мақсатында зерттеу нәтижелері, қосымша ұсыныстар әкімдіктерге және профильді мемлекеттік органдарға жолданған көрінеді.