Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстанның АҚШ-тағы консулдығында еңбек ететін лауазымды тұлғалар мен олардың отбасыларына дипломатиялық иммунитеттер беру мәселесін қозғады.
"1961 жылғы дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес, келісім негізінде екі мемлекеттің консулдықтарында еңбек ететін лауазымды тұлғалары, консульдық қызметшілері және олардың отбасы мүшелері заңдық иммунитеттермен қамтамасыз етіліп, салықтар мен алымдардан өзара босатылады. Екі елдің өзара пайдаланатын иммунитеттері мен артықшылықтарын күшейту консульдықтағы лауазымды тұлғалар мен онда жұмыс істейтін азаматтардың қызметіне оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар келісімді іске асыру АҚШ-та Қазақстан азамттарының мүдделерін қорғаудың тиімділігін арттырады", –деді Мұхтар Тілеудерді.
Заң жобасы талқыланғаннан кейін сенаторлар бірауыздан қолдау білдіріп, "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Консулдық артықшылықтар мен иммунитеттер туралы келісімді ратификациялау туралы" ҚР заңы қабылданды.
Құралай Құдайберген