"Біз домбыраға әр қазақтың төрінен орын бар дейміз. Бұл – дұрыс. Сол сияқты еліміздің әр отбасында көк байрағымыз тұрса, өте жарасымды болатыны сөзсіз. Біздің туымызда халқымыздың бүкіл рухы көрініс тапқан. Оған елдің терең тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті, бір сөзбен айтқанда, ұлт құндылықтарының барлығы сыйып тұр", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміздің көк байрағы ғарышқа сапар шегіп, биік шыңдарда желбірегенін атап өтті.
"Еліміздің барша азаматтарын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыратын тағы бір символ – Мемлекеттік ту. Егемен елдің аспанында, Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреген туымыз – бәріміздің мақтанышымыз. Қазақстанның көк байрағы ғарышқа сапар шекті, ең биік шыңдарда желбіреді. Туымызға арналған керемет әндер, өлең-жырлар бар. Әрбір азаматымыз оларды тыңдаған сайын ерекше рухтанады. Спортшыларымыз әлемдік жарыстарда туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқап жүр. Олардың көк туымызға деген ерекше құрметі барша әлемді тәнті етуде. Бұл – нағыз отаншылдықтың белгісі. Шынайы отансүйгіштік әрбір азаматымыздың бойында бар".