Еліміздің әскери қызметшілері жарақат алған отандасымызға көмек көрсетті

967

Еліміздің әскери қызметшілері жарақат алған отандасымызға көмек көрсетті

Еліміздің Әскери-теңіз күштеріне арналған "Алатау" мина-тартқыш кораблін қабылдау жұмыстарын жүргізуді аяқтаған соң корабль экипажы Ресейдің Санкт-Петербор қаласынан елге қайтып оралды.

Корабль экипажы РФ Әскери-теңіз флотының Әскери оқыту-ғылыми орталығының даярлау орталығының базасында теориялық әзірліктен, Фин шығанағында корабльдік іс-тәжірибені меңгеру дайындықтарынан сәтті өтті. Сондай-ақ, кемелердің зауыттық жүріс сынақтарына да қатысты, деп мәлім етті ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

Бұл жолы қазақстандық әскери теңізшілердің елге оралуы ерекше жағдайда өтті. Біздің отандасымыз, Санкт-Петербор политехникалық университетінің студенті Ақжарқын Махамбетованың отбасы әскери қызметшілердің көмегіне жүгінген.

Ақжарқын оқу оқып жүрген кезінде кенеттен құлап, бел омыртқасын зақымдап алған көрінеді. Ота жасалғаннан кейін әрі қарай ем қабылдау үшін қызды Қазақстанға жеткізу қажеттігі туындаған. Отадан соң еш қимылсыз көлденең қалыпта жатуы тиіс болғандықтан, оны елге жеткізу қиынға түскен.

Қорғаныс министрлігінің басшылығы орын алған жағдаймен танысып, отбасына көмек қолын созуды жөн көріпті. Осылайша, Санкт-Петербор қаласынан Ақтауға қайтып келе жатқан әскери қызметшілер С-295 әскери-көліктік ұшақтың бортына Ақжарқын мен оның анасын және әскери мейірбикені өздерімен бірге алып, дереу Астана қаласына жеткізеді.

"Біз ерекше қамқорлықты сезіндік. Мұндай ауыр жағдайда ойланбастан бірден көмек көрсеткені үшін барша әскерилерге – теңізшілер, ұшқыштар мен мейірбикелерге зор алғысымды білдіремін. Нағыз қорғандарымыз деп есептеймін бұл жандарды", – деп жарақат алған қыздың анасы өзінің ризашылығын білдірді.

"Қорғаныс министрлігінің басшылығымен ҚР ҚК ӘТК кеме экипажының жеке құрамын және Қазақстанның екі азаматын Санкт-Петербургтан Астанаға жеткізу туралы тапсырма келіп түсті. Алға қойған міндетті орындадық", – дейді С-295 ұшағының экипаж командирі майор Азамат Молдахметов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу