Еліміздің барлық аймағында Назарбаев даңғылы пайда болды

2285

Бұндай тапсырманы елдің жаңа президенті таққа қонған күні берген болатын.

Еліміздің барлық аймағында Назарбаев даңғылы пайда болды

Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант беріп, ел президенттігіне келген Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен Астананың атауын өзгерту керек деп шешті. Конституцияның 91-бабының 1-тармағына сәйкес, парламент қарауына ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу туралы заң жобасын шұғыл енгізді. Конституциялық кеңес те түзетулерді оң көріп, қос палатаның күллі депутаты бірінші және екінші оқылымда оны бірауыздан мақұлдады. Осылайша, экс-президенттің есімі бас қалаға берілетін болды.

Бұл тарихи шешімнен шабыт алған өңірлер де өзгертулерді бастап кетті, бірақ әзірге өзгерту көше атауына қатысты. Жер-жерде мәслихаттың кезектен тыс сессиялары өтіп, әкімдер бастап, депутаттар қостап, орталық даңғылдардың атауын Тұңғыш президентке қиятын болып келісті.

Еліміздің батысында жатқан Маңғыстаудың орталығы Ақтаудағы ең үлкен даңғыл Елбасының атымен аталады енді. Маңғыстаудың іргелесі Атырауда да депутаттар Назарбаевқа лайық көшелерді дауысқа салды. Дегенмен оның мәртебесіне сай келетін басты даңғыл бос болмай шықты, осылайша "Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев" "Нұрсұлтан Әбішұлына" сырғып орын беріп, өзі Азаттық даңғылына "көшпек".

Батыста жатқан келесі аймақ Ақтөбеде "Елбасыға" Әбілқайыр хан даңғылының бір бөлігі бөліп берілді. Қызылордалықтар да бастамадан сырт қалмай, дереу Жібек Жолын экс-президент үшін өзгертіп салды.

Қарағандылықтар Бейбітшілік гүлзары мен Н. Төлепов көшесін біріктіріп,  "Назарбаевқа" кең көше тауып берді.

Солтүстік өңірлер де Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысына қолдау білдірді. Мысалы Петропавл Мир көшесінің атауын өзгертсе, Ал Павлодар Тәуелсіздік даңғылын "Нұрсұлтан Назарбаевқа" тарту етпек.  Айта кетсек, павлодарлықтардың "Тәуелсіздікке" қол жеткізгеніне бір жыл да толмаған. Олар былтыр ғана "Кутузовтан" құтылған еді. Тәуелсіздік даңғылы демекші, Өскеменде де осымен аттас даңғыл Елбасының құрметіне атауын өзгертеді.

"Нұрсұлтан Назарбаевқа" келгенде "Төле бидің" өзі шыдас бермеді. Таразда төбе бидің есімімен аталатын ең үлкен көшенің атауын өзгеріске жіберу қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ, аталған көше атауларын өзгертуді республикалық ономастикалық комиссияның мақұлдағаны күтіледі.

Ал Алматыда бар. Назарбаевтың есімімен бұрынғы Фурманов көшесі аталады, шешім 2017 жылдың күзінде қабылданған болатын. Үшінші мегаполис мәртебесіндегі Шымкентке өзгеріс кеше жетті, ондағы Астана даңғылы "Әбішұлының" еншісіне тиді.

Аты аталмаған өңірлерде де көп кешікпей Елбасының есіміне қай көшені беру керектігі шешілуге тиіс. Алда әлі Елбасыға монумент орнату тапсырмасы тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу