Еліміздің бас педагогы мұғалімдерге қуанышты жаңалығын жеткізді

Бұл туралы Алматыдағы "Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман" дәстүрлі қалалық педагогтер конференциясында сөз болған. 

Еліміздің бас педагогы мұғалімдерге қуанышты жаңалығын жеткізді Фото: primeminister.kz

Пленарлық отырысқа Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдымен қоса, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Министрдің айтуынша, педагогтерді қолдау және балалардың құқығын қорғау бағытында ауқымды шаралар қабылданып жатыр. 

– Мемлекет басшысы республикалық тамыз конференциясында мұғалімдердің құқығын қорғау, оларды педагогке сәйкес келмейтін міндеттерден босату қажеттігін ерекше атап өтті. Жергілікті атқарушы орган тарапынан заң өрескел бұзылған жағдайда прокуратура органдары араласуы тиіс. Сондай-ақ, балалармен болған жазатайым оқиғалар үшін мұғалімдерді жазалауға жол берілмейді, – деді ол. 

Ғани Бейсембаев 2025-2026 оқу жылының басты жаңалықтарын да сүйіншіледі. Биыл "Цифрлық сауаттылық" және "Информатика" пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Ол үшін орта білім беру жүйесінде AI қолданудың этикалық стандарттары бекітіліп отыр. Оқушылар үшін Day of AI онлайн курстары, ал педагогтер үшін арнайы біліктілікті арттыру бағдарламалары әзірленген. 

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Келешек мектептері" ұлттық жобасының мектептерін басқарудың жаңа моделі дайындалды. "Жайлы мектептерде" жұмыс істейтін 3 мыңнан астам педагог үш деңгейлі дайындықтан өтті. Қыркүйек айынан бастап модель іс жүзінде енгізіле бастайды, ал әдістемелік қолдауды Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы қамтамасыз етеді, – деді еліміздің бас педагогы. 

Айта кету керек, инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Осы орайда, 2025 жылдың қазан айында Алматы қаласында шетелдік білім министрлері мен жетекші халықаралық сарапшылардың қатысуымен инклюзия бойынша Бірінші Дүниежүзілік конгресс өтеді.

Сонымен қатар, Абай атындағы республикалық мектеп-интернатын "Абай Ұлттық мектебі" ретінде трансформациялау да жүзеге асуда. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу