20 шілдеде Қазақстанның бірнеше өңірінде қауіпті ауа райы құбылыстары болжанады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында ауа температурасы 35–45 градусқа дейін көтерілсе, солтүстік және батыс өңірлерде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі.
Астанада күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл болып, желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Алматыда 40–42 градус, Шымкентте 40–42 градус ыстық сақталып, жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Төтенше өрт қаупі де сақталады.
Ең жоғары температура Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарында тіркелмек – кей жерлерде ауа 43–45 градусқа дейін ысиды. Түркістан облысында 40–44 градус, Алматы қаласында 40–42 градус, ал Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Ұлытау облыстарында 35–38 градусқа дейін қатты ыстық күтіледі.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар аумақтарында жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және 15–28 м/с-қа дейін жететін екпінді жел болжанып отыр.
Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе оңтүстік, оңтүстік-шығыс, орталық және шығыс өңірлердің тұрғындарына өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау ұсынылады.