9 шілдеде еліміздің бірқатар өңірінде ауа райы құбылмалы болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр жауып, найзағай, бұршақ пен дауыл күтіледі. Кей өңірлерде желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарының таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанса, Қызылорда облысының орталығы мен шығысында шаңды дауыл күтіледі.
Сонымен қатар еліміздің көптеген өңірінде аптап ыстық сақталады. Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында ауа температурасы 40–42 градусқа, Түркістан облысында 40–41 градусқа, Жамбыл облысында 38 градусқа, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы, Жетісу, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Қостанай облыстарында 35–38 градусқа дейін көтеріледі.
Синоптиктердің мәліметінше, бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Осыған байланысты тұрғындарға ауа райы болжамын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес беріледі.