Ауа райының нашарлауына байланысты 21 наурызға бірнеше өңірде ескерту жарияланды, деп хабарлайды "Қазгидромет" РМК.
Қостанай облысында жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар), тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысып, күші түнде кей жерлерде 15-20, күндіз 23 м/с артуы ықтимал.
Түркістан облысының таулы аудандарында таңертең және күндіз қатты жаңбыр болжанады. Кей жерлерде найзағай ойнап, оңтүстік-батыстан, батыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с жетеді.
Шымкент қаласында кей уақытта найзағай ойнап, түнде және таңертең оңтүстік-батыстан, батыстан екпіні 15-20 м/с жел соғады.
Ақмола облысында түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар), күндіз жаңбыр күтіледі. Оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел соғады, кей жерлерде күші 15-20 м/с күшейеді.
Нұр-Сұлтан қаласында оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел соғады, күннің екінші бөлігінде оның жылдамдығы 15-20 м/с артады.
Маңғыстау облысында кей жерлерде тұман күтіледі. Солтүстік-батыстан жел соғады, түнде екпіні 15-20 м/с болады.