ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру фактісі бойынша Қырғыз Республикасының азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәселен, "Жайсан-авто" бекетінде Қазақстан Республикасы аумағынан шығып кету әрекеті кезінде жүк көлік құралының жүргізушісі ұсталды, тексеру барысында акциздік маркалары жоқ, көкөністерде (пекин қырыққабаты) жасырылған жалпы саны 70 мыңнан астам қорап темекі өнімдері табылды.
Бұдан басқа, Қарағанды облысында есепке алу-бақылау маркалары жоқ темекі өнімдерін сатушы сотталды. Анықталған қойманы тінту барысында жалпы құны 18,5 млн теңгені құрайтын 71 мыңнан астам қорап темекі табылып, тәркіленді. Контрафактілік темекі өнімдері жойылды.
Жалпы, жыл басынан бастап ҚМА өндірісінде темекі өнімдерінің айналымына байланысты 62 қылмыстық іс болды, оның 35–і сотқа жіберілді. Барлығы 11 млрд теңгеден астам сомаға 22 млн қорап темекі тәркіленді.
"Құрметті азаматтар мен кәсіпкерлер! Қаржылық мониторинг агенттігі акцизделетін темекі бұйымдарын акциздік маркаларсыз ірі мөлшерде өткізу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді (ҚР ҚК 214-бабы)", – деп хабарлады ведомстводағылар.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.