– БҰҰ, ТМД және ШЫҰ-ның салалық құрылымдарымен ынтымақтастықты кеңейту аса маңызды деп санаймыз. Биыл қаңтар айында ҰҚШҰ Хатшылығы мен ТМД Терроризмге қарсы күрес орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Біз мұны құптаймыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы спикерлерге Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар қоғамның барлық саласын, соның ішінде саясат, экономика және идеология бағыттарын жүйелі түрде жаңғыртуды көздейтінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономика саласына тоқтала келіп, еліміздің ЖІӨ көлемі 265 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді.
– 2023 жылы шетелден 23 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылды. Еліміздің халықаралық резервтері 100 миллиард долларға жуықтады. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша биыл Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 13 пайызға өсіп, шамамен 15 миллиард долларды құрауға тиіс. Жақында мен кәсіпкерлік еркіндік пен бәсекелестіктің дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту және бизнес шығындарын азайту арқылы экономиканы ырықтандыруға негіз қалайтын Жарлыққа қол қойдым. Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтарды декриминализациялау арқасында бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісі айтарлықтай күшейді, – деді Президент.