Еліміздің кәсіпорындарындағы орташа жалақы мөлшері белгілі болды

558

Ұлттық статистика бюросы ірілендірілген 9 топ бойынша жалақы мөлшерін жариялады.

Еліміздің кәсіпорындарындағы орташа жалақы мөлшері белгілі болды Фото: inbusiness.kz

Кәсіпорындар тапсырған есепке сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша орташа жалақы 310 мың теңгені құрады. 2021 жылға қарағанда орташа жалақы мөлшері атаулы мәнде 23,8%-ға, нақты мәнде 7,6%-ға артты, деп жазады inbusiness.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, 2021 жылмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең көп өсімі құрылыс (38,6%), көлік және қойма (32,4%), тұру және тамақтандыру қызметтерін көрсету (32,2%) салаларында байқалған. Ал, өсімнің ең азы денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 9,8%. Бұл 2021 жылы ковид бойынша қосымша төлемдердің берілуімен байланысты деп көрсетілген.

Бұдан бөлек Ұлттық статистика бюросы ірілендірілген 9 топ бойынша жалақы мөлшерін есептеп, жариялайды: басшылар; кәсіби мамандар; техник мамандар және басқа да кәсіби көмекші персонал; әкімшілендіру саласындағы қызметшілер; қызмет көрсету және сауда саласындағы қызметшілер; фермерлер және ауыл мен орман шаруашылығының, балық шаруашылығының және балық аулау жұмысшылары; өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа тектес қызметтердің жұмысшылары; өндірістік жабдық операторлары, құрастырушылары және жүргізушілері және біліктілігі жоқ жұмысшылар.

"Өткен жылдың қорытындысы бойынша ірілендірілген топтар арасында орташа жалақының ең көп мөлшері басшыларда, ең азы біліктілігі жоқ жұмысшыларда болды. Басшылардың орташа жалақысы (534 мың теңге) біліктілігі жоқ жұмысшылардың жалақысынан 4,1 есе (129 мың теңге) асып түскен. Қаржы және сақтандыру қызметі саласындағы басшылық құрам мен біліктілігі жоқ персонал арасындағы еңбекақының айырмасы 7,2 есе, тиісінше 1 149 мың және 159 мың теңгені құрады", - деп хабарлады бюро. 

Сонымен қатар аталған екі қызмет тобы арасындағы еңбекақы жоғары айырмашылық кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында – 6,3 есе, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызмет бойынша – 5,3 есе байқалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу