"Қазгидромет" мамандары желдің күшейіп, түнгі температураның −18 градусқа дейін төмендейтінін хабарлады.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері еліміздің шығысына қарай кең ауқымды антициклон жылжиды. Соның ықпалымен шығыс, оңтүстік және орталық өңірлерде жауын-шашынсыз ауа райы қалыптасады.
Алайда кейін антициклонның орнын солтүстік циклонның терең жырасы басады. Соның салдарынан алдымен батыста, одан кейін солтүстік-батыс пен солтүстік аймақтарда жаңбыр мен қар жауады. Жолдарда көктайғақ болуы мүмкін. Сондай-ақ республика аумағында жел күшейіп, солтүстік өңірлер мен оңтүстіктің таулы аймақтарында тұман түседі.
Түнде Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы нөлден төмендейді. Орталық, шығыс және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында аяз −13…−18 градусқа дейін жетеді.
Күндіз батыс пен шығыста ауа температурасы +5…+10 градус, оңтүстік-батыста +10…+15 градус, оңтүстікте +10…+20 градус, оңтүстік-шығыста +10…+18 градус аралығында болады. Ал солтүстік және орталық облыстарда ауа температурасы −1…+4 градус шамасында сақталады.