Бұл бағытта еліміздің бірқатар өңірінде әлеуметтік-экономикалық зерттеу жүргізілгенін Туризм және спорт министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, салынуы мүмкін ойын аймақтары тек шетелдік туристерге қызмет көрсетеді. Қазақстан Республикасының азаматтарына мұндай ойын орындарына кіруге заң жүзінде тыйым салынады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, халықаралық тәжірибе кейбір мемлекеттерде шетелдіктерге арналған казино аймақтары туристік ағымды арттыруға және курорттық инфрақұрылымды дамытуға тиімді құралға айналғанын көрсетіп отыр. Мұндай модель ішкі әлеуметтік ахуалға теріс әсер етпей, керісінше экономикалық өсімге серпін береді.
Зерттеу деректері бойынша, Маңғыстау облысында сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 46 пайызы шетелдіктерге арналған казино салу бастамасын қолдаған. Экономикалық болжамға сәйкес, 2029 жылға қарай өңірге 148 мың шетелдік турист келуі мүмкін. Бұл шамамен 7 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға және бюджетке 1,2 млрд теңге көлемінде салық түсіруге мүмкіндік береді.
Жетісу облысында респонденттердің 67 пайызы казино құрылысына қарсы емес екенін білдірген. Болжам бойынша, 2029 жылға қарай өңір жыл сайын 36 мыңға дейін шетелдік турист қабылдап, 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Ал жергілікті бюджетке жылына 2,4 млрд теңге салық түсуі ықтимал.
Алматы облысында сауалнамаға қатысқандардың 54,5 пайызы ойын аймақтарын салу бастамасын қолдайтынын айтқан. Экономикалық талдау нәтижесіне сәйкес, 2030 жылға қарай өңірге келетін шетелдік туристер саны 22 810 адамға жетеді деп күтіледі. Сонымен қатар 2028 жылға дейін екі ойын аймағынан бюджетке 6,5 млрд теңге салық түсіп, 2 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.
Айта кетейік, ойын аймақтарын белгілеу және олардың қызметін реттеу "Ойын бизнесі туралы" заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Аймақтардың нақты шекарасын жергілікті атқарушы органдар анықтайды. Белгіленген тәртіпке сай, казино мен ойын залдарына тек шетел азаматтарына ғана кіруге рұқсат беріледі.