Қазақстанның шекара бекеттерінде жыл басынан бері 940 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Бұл туралы ҰҚК Шекара қызметі шекара бақылау департаменті бастығының бірінші орынбасары Ғани Ағаділов арнайы брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Шекара қызметі халықаралық бағыттарда есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қою бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл 940 келіден астам есірткінің героин, ауған шайыры деп аталатын түрлерінің шекарадан өтуіне тосқауыл қойылды", – деді Ғани Ағаділов.
Оның айтуынша, 940 келінің 800 келіден астамы Қазақстанға әкелу әрекеті, қалған фактілер Қазақстан арқылы басқа елдерге өткізу әрекеті.
"Ірі көлемде есірткі Түркістан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарының бақылау-өткізу бекеттерінде анықталды. Есірткі контрабандасының барлық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өткен жылмен салыстырғанда динамика өскенін көрсетеді, 230-дан астам адам ұсталды", – деді спикер.