Биыл оқу орнын 1 230 студент тәмамдаса, олардың 523-і үш жылдық триместрлік білім беру бағдарламасы бойынша алғаш рет бакалавр дәрежесін алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне қарасты университет туризм индустриясына қажетті кадрларды даярлайтын бейінді жоғары оқу орны саналады. Биыл мұнда 3 015 студент білім алып, оның 2 733-і мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқыды.
Университетте туризм, қонақ үй және мейрамхана ісі, экскурсиялық қызмет, спорт туризмі және іс-шараларды басқару бағыттары бойынша 10 бакалавриат және 4 магистратура бағдарламасын қамтитын 14 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар білім беру мен өндірістік тәжірибені ұштастыратын дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Студенттер Қазақстандағы және Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жетекші қонақ үйлерде өндірістік тәжірибеден және халықаралық тағылымдамадан өтеді.
Соңғы деректерге сәйкес, университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 87,5 пайызды құрайды. Мамандардың айтуынша, туризм саласына кәсіби кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру еліміздің туристік индустриясының тұрақты дамуына ықпал етеді.