Еліміздің үш облысында жұмыртқа бағасы заңсыз көтерілген

547

Сауда комитеті Ақмола, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында жұмыртқаның заңнамада белгіленген сауда үстемесінен артық бағада сатылғанын анықтады, деп жазады inbusiness.kz Сауда және интеграция министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Еліміздің үш облысында жұмыртқа бағасы заңсыз көтерілген Фото: lada.kz

Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте азық-түлік өнімдерін сату кезіндегі делдалдық схемаларды тексеру бойынша өңірлік комиссиялардың жұмыс нәтижелері қаралды.

Электрондық шот-фактураларды талдау қорытындысына сәйкес, Ақмола, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында жұмыртқа заңда белгіленген 15%-дық үстемеден артық сатылған.

Министрліктің хабарлауынша, "Курочка ряба" ЖШС көтерме сатушысы қазан-қараша аралығында екі құс фабрикасынан 25 млн данадан астам бірінші санаттағы жұмыртқа сатып алған. Оның 6 млн данасы 25%-дан 27%-ға дейінгі сауда үстемесімен сатылғаны анықталды. Өңірлерде анықталған деректер бойынша барлық материал тиісті шаралар қабылдау үшін әкімдіктерге берілді.

"Біз бизнестен мүмкін емес нәрсені талап етпейміз, пайда таппай жұмыс істеуге болмайтынын түсінеміз. Десек те, заңнама аясында жұмыс істеу керек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін асырмау керек. Әкімдіктердің назарын сауда үстемесін бұзу тәжірибесін тоқтату қажеттігіне аударамын", - деді Серік Жұманғарин.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу