Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адамдарды Қазақстан шегінен тыс жерге шығарып жіберу кезінде ұстау мерзімдерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Аталған құқықтық норма бойынша баяндама жасаған депутат Василий Олейник жыл сайын ел аумағына 6 миллионға жуық шетелдік келетінінін айтады.
"Ішкі істер министрлігі мәліметінше, соңғы 2 жыл мен биылғы жылдың 8 айында Қазақстан заңнамасы талаптарын орындамағаны үшін ел аумағынан 25,5 мың шетелдік шығарылды. Оның ішінде 2 мыңға жуығы сот актісін орындамаған. Олардың арасында әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылық жасағандар да бар. Министрліктің статистикасына сүйенсек аталған мерзімде Қазақстанға келетін шетелдіктер тарапынан 220 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық пен 4 мыңға жуық қылмыс жасалды", – дейді Василий Олейник.
Мәжіліс депутатының сөзінше қазіргі кезде елімізде 1,3 мыңнан аса шетелдік жазасын өтеп және пробациялық бақылауға алынған. Сондықтан ол аталған Заң жобасын қабылдау адам құқықтарын қорғау саласында ұлттық заңнамаға халықаралық стандарттарды енгізуге мүмкіндік беретінін айтады.
"Бұған қоса ҚР Конституциялық Кеңесінің шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге шығарып жіберу кезінде ұстап алу мерзімдерін қосымша заңнамалық реттеу туралы ұсыныстарын орындау, оларды ұстап алу және кейіннен ішкі істер органдарының арнаулы мекемелеріне орналастыру тәртібін регламенттеуге мүмкіндік береді. Себебі қазіргі кезде бұл заңмен реттелмеген. Аталған міндеттерді жүзеге асыру шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың бостандығына және жеке басына қолсұғылмаушылығына құқық қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді", – деді Мәжіліс депутаты.
Құралай Құдайберген