Осы жылдың 9 айында шетелге 5,5 млн отандасымыз демалуға барды. Ал, Қазақстанға келген туристер саны 3,4 млн адамға жеткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда елімізге демалуға келгендер саны 3,6 есеге, шетелге демалуға барған қазақстандықтар саны 2,2 есеге өсті, деп жазады inbusiness.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, ішкі туризм бойынша орналастыру орындарына келушілер саны 25,1%-ға артқан (4,8 млн адам).
"Келушілерді орналастырумен айналысатын нысандар саны 3 965 бірлікті құрады, онда 84 416 нөмір бар. Олар 5,4 млн адамға 129 183,2 млн теңге сомасына қызмет көрсетті. Орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі (мейрамхана қызметтерін қоспағанда) өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларына қарағанда 54,5%-ға өсті", - делінген ақпаратта.
Еске салайық, биылғы 9 ай ішінде курорттық аймақтарда 2,4 млн ішкі турист, 317,2 мың шетелден келген турист демалды.