Еске салсақ, шенеунік маусым айында күдікке ілігіп, қамауға алынған еді. Оған "қызметін асыра пайдаланды", "пара алды" және "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" деген айыптар тағылған.
"Суханбердиеваның айыбы өзінің мойындауымен, куәгерлер мен күдіктілердің түсініктемесімен және қылмыстық істің өзге де материалдары арқылы расталды (...) Күдікті өз айыбын толық мойындады", – деді мемлекеттік айыптаушы Нұрлан Бекмағамбетов сот отырысында.
Прокурор соттан айыпталушыға жаза ретінде айыппұл кесуді сұрады.
Осылайша ол бостандыққа шықты, бірақ 2500 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, яғни 6 миллион 312 мың 500 теңге төлеуге міндеттелді.
Айта кетсек, 48 жастағы Эльмира Суханбердиева 2017 жылдың тамызында вице-министр лауазымына тағайындалған. "Болашақ" бағдарламасымен Калифорнияда оқып, қызметінде бірер айға үзіліс жасағаны бар. Сол кезде де біраз шу шыққаны есте. Яғни, вице-министр "тестті өзі тапсырмады" деген күдік туған. Кейін бұл ақпар ресми жоққа шығарылды.