Бірнеше жыл қатарынан оңтүстік өңірлерде байрағы көтеріліп келген ҚР Чемпионаты биыл Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында елордамыздағы "Қазанат" ипподромында өтпек. Биылғы жылы көкпар мен аударыспақтан ересектер арасындағы ҚР Чемпионаты XVІІI рет жалауын көтерсе, теңге ілуден ҚР чемпионаты ХІІ рет, жамбы атудан ІV рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды ethnosport.kz.
Ұлттық спорт түрлерінен ел чемпионаты жүлделері жарысқа қатысатын 15 команда арасында сарапқа салынбақ. Көкпар ойындары 29 маусым – 6 шілде аралығында күніне жеті кездесуден жоспарланған.
Аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату бәсекелері 30 маусымда, ал көкпардың финалдық ойыны 6 шілде күні өтеді.
Елішілік чемпионаттың ең қызықты бәсекесі саналатын көкпардан бас жүлдені 2016 жылы Жамбыл, 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының командасы (қазіргі Түркістан облысы) иеленген еді.