Елорда әкімдігі астаналық жоғары оқу орындары мен техникумдардың гранттар тізіміне өзгеріс енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қалалық әкімдік бекіткен қолжетімді білім бойынша бағдарламаның шолуы жайлы айтып өтсем деймін: 31 мамыр күні Астана әкімі Әсет Исекешев "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өтетін отырыста ол жайлы кеңірек айтып береді. Негізінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде еңбек нарығын зерттейтін институт жоқ. Алайда аса ауқымды талдауларды жүргізерлік механизмдер баршылық", - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың оқушылармен кездесуі барысында.
Талдау нәтижесіне сәйкес, ЖОО-лар мен техникумдардан, өзге де ұйымдардан оқу бітіріп шыққан мамандар еңбек нарығының сұранысына сай келмейді. Сонымен бірге, Малика Бектұрова әкімдік қазіргі уақытта бірқатар мамандықтар бойынша қосымша гранттарға түзетулер енгізіліп жатқанын атап өтті.
"Hh пен OLX-те бар ваканциялар негізінде бүгінгі күні ескіріп қалған дағдылардан тұрады. Сондықтан, осыған байланысты мемлекеттік тапсырыстар тізімін түзеттік. 2018 жылы ЖОО-ларға тұңғыш рет мемлекеттік тапсырыстарды енгіземіз - Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырыстары бар. Биыл жергілікті бюджеттің есебінен кеңейтілді. Қосымша 1102 грант дәл сұранысқа ие мамандықтарға бөлінеді", - дейді ол.
Әкімнің орынбасары мұндай сұраныстағы мамандықтарға мысал келтірді.
"Мәселен, "картограф" түсінігі бар. Ол мамандықты қазір Ресейде оқытып жатыр. Бұнымен қоса "веб картографиялау" секілді мамандықтар жоқ. Ал қазіргі таңда барлық карталар Digital-форматында. Мысалы, Yandex-карталар, Google-карталар баршылық. Сондықтан, картограф болғысы келетін маман үшін веб-картограф болу да маңызды. Міне, осындай өзгерістер біздің мемлекеттік тапсырыстарға енгізіліп отыр", - деді ол.
Бектұрованың айтуына қарағанда, өзгерістер техникумдарды қамтиды.
"Сонымен қатар, техникумдар мен ТжКББ кәсіптік ұйымдарында біз гранттардың санын 4547-ге өсірдік. Техникумға баруды көздейтін немесе 9-сыныптан кейін мамандық иесі болғысы келетін жастар біздің мемлекеттік тапсырыстар бойынша грантқа ие бола алады. Онда да өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, тізімнен кассир мамандығын алып тастадық. Егер гипермаркетке жұмысқа тұрсаңыз, төлем қабылдауды қазір сізге 20 минуттың ішінде үйрете алады", - дейді Малика Бектұрова.